«Планетарийдегі 1001 түн» астрономиялық мерекесі

7 мамыр күні Планетарийіде Халықаралық астрономия күніне арналған «Планетарийдегі 1001 түн» астрономиялық-ағартушылық шарасы өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың астрономия ғылымына деген қызығушылығын арттыру, ғарыш әлемі туралы білімдерін кеңейту және ғылымды көпшілікке насихаттау.

Астрономиялық кешке қала тұрғындары, оқушылар, студенттер, ата-аналар және астрономия әуесқойлары қатысты. Шара барысында дәріскерлер Халықаралық астрономия күні тарихымен таныстырып, астрономия ғылымының адамзат үшін маңызы туралы ақпарат берді. Келушілерге ғаламның тылсым сырлары, жұлдыздар мен ғаламшарлар туралы қызықты мәліметтер ұсынылды.

Бағдарлама аясында жұлдызды залда астрономия тақырыбындағы «Мир, в котором мы живем», «Бізді қоршаған Әлем», «Түнді ұрлаған жарық», «Потерянная темнота», «Возвращение на Луну» толық күмбезді бағдарламалар көрсетілді. Сонымен қатар, қатысушылар Stellarium бағдарламасы арқылы аспан денелерімен виртуалды түрде танысып, Ай, Марс, Юпитер ғаламшарлары мен көктемгі шоқжұлдыздардың орналасуын бақылады.

Іс-шара барысында кітап көрмесі ұйымдастырылып, қонақтар ғарыш және астрономия тақырыбындағы әдебиеттермен танысты. Кішкентай қонақтар үшін «Түрлі түсті ғалам» сурет салу алаңы мен «Ғарыштық өзгеғаламдық» шығармашылық шеберлік сағаттары өткізілді. Сонымен қатар, «Жұлдызды жұмбақтар» ғарыштық викторина ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға сыйлықтар табысталды.

Кештің ерекше бөлігінің бірі — телескоп арқылы Юпитер ғаламшарын және оның серіктерін бақылау болды. Қатысушылар аспан денелерін тікелей бақылап, үлкен әсер алды.

Scroll to Top