Планетарийдегі космонавтика апталығы

2024 жылғы 7-12 сәуір аралығында облыстық планетарийде «Байқоңырдың ғарышы – Қорқыттың әлемі» ғарышкерлер апталығы өтті. Бұл шара Халықаралық адамның ғарышқа ұшуының күніне және Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығына арналды.
Шараның мақсаты – Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығының тарихи маңыздылығын, адамзаттың ғарышты игерудегі жетістіктерін насихаттау, Қазақстанның ғарыш саласындағы рөлін көрсету, жас ұрпақтың ғарышқа деген қызығушылығын арттыру және отансүйгіштік тәрбиені нығайту.
7 сәуір күні космонавтика апталығының ашылуы өтті. Ашылу салтанаты Байқоңыр ғарыш айлағының тарихына және аңызға айналған Қорқыт атаға арналды. Салтанатты шарада облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы М.Өтекешова құттықтау сөз сөйлеп, Байқоңырдың маңыздылығын және Қазақстанның ғарыш саласындағы жетістіктерін атап өтті.
Іс-шара барысында қазақ халқының дәстүрлері мен ғарыш ғылымының терең байланысы көрсетілді. Театралдандырылған көрініс ұсынылып, онда Қорқыт ата мен болашақ ғарышкерлер арасындағы рухани диалог сахналанды. Қорқыт атаның дана сөздері жас ғарышкерлердің арман-тілектерімен және болашаққа деген сенімімен үйлесімді үндесті.
Көрермендерге ерекше әсер қалдырған сәт – жас кейіпкерлердің Қорқыт атаның батасын алуы болды. Сонымен қатар, «Қорқыт – Қобыз» музыкалық нөмірі орындалып, шараның эмоциялық әсерін күшейте түсті.
Іс-шараға арнайы шақыртумен Қызылорда облысынан Қорқыт ата мемориалдық музейінің жылжымалы көрмесі келіп қатысты. Көрмені музейдің ғылыми қызметкері О.Бегалиев пен экскурсия жүргізуші Н.Картамысов таныстырды. Олар Қорқыт атаның өмірі мен мұрасын бейнелейтін, тарихи-мәдени құндылығы жоғары құнды экспонаттарды көпшілік назарына ұсынды.
Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Г.Аймаханова «Қорқыт ата мұрасы» атты өз поэтикалық шығармасын оқып берді.
Іс-шара соңында жұлдызды залда «Ғарыш дәуірі» тақырыбында бейнероликтер мен слайдтар арқылы безендірілген танымдық дәріс өтті.
12 сәуірде Ғарышкерлер апталығы мерекелік шарамен аяқталды. Ол ұшқыш-ғарышкер В.И. Пацаевтың ескерткіші жанындағы алаңда өтті. Ғарышты игеруге өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың рухына құрмет ретінде ескерткішке салтанатты қарауыл қойылып, гүл шоқтары қойылды.
Мерекелік жиында ақтөбеліктер Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, ұшқыш-ғарышкер, «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» АҚ басқарма төрағасы Айдын Айымбетовтің құттықтау сөзін тыңдады.
Мерекелік атмосфераны әскери киім киген «Үлгілі жасұлан» үрлемелі оркестрі, патриоттық әндер мен музыкалық композициялар орындаған «Сұңқар» халықтық вокалдық ансамблінің жас өнерпаздары жарқырата түсті. Көрермендерге ерекше әсер сыйлаған бұл шара ел жүрегінде жарқын із қалдырды.
Іс-шараларға ардагерлер мен шығармашылық интеллигенция өкілдері, Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтының курсанттары және В. И. Пацаев атындағы жас ұшқыштар мектебінің тәрбиеленушілері, қала тұрғындары мен қонақтары, мектеп оқушылары мен мұғалімдер қатысты.

Scroll to Top