Планетарийде «Astrotalk» астрономиялық жобасы өткізілді

4 шілде күні планетарийде ашық аспан астында ерекше форматтағы «Astrotalk» астрономиялық жобасы өткізілді.

Бұл танымдық кештің басты мақсаты – астрономия ғылымына қызығушылықты арттыру, ғалам мен ғарыш туралы білім көкжиегін кеңейту және қатысушыларға ғылыми әрі тартымды ақпарат ұсыну болды. Іс-шараға қала тұрғындары, мектеп оқушылары, студенттер мен ғылымға бейім жастар қатысты.

Кеш аясында түрлі бағыттағы мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Астрономия саласына қызығушылық танытқан қауымға Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Хериот-Уатт халықаралық факультетінің аға оқытушысы, физика-астрономия ғылымдарының докторы Мұхағали Қаламбай қызықты дәріс оқыды. Ол ғарыш ғылымының заманауи бағыттары жайлы әңгімелеп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

Кеш қонақтары телескоп арқылы Айдың бетін және аспан денелерін бақылап, түнгі аспанның әсемдігіне көз жеткізді. Ғарыш тақырыбындағы бейнероликтер қатысушылардың қызығушылығын оятып, астрономияның терең сырларына жетеледі. Сонымен қатар, астрономия мен ғарышқа арналған әдебиеттер қойылып, келушілер еркін түрде танысып, оқи алды. Балалар үшін арнайы демонстрациялық тәжірибелер көрсетіліп, олар ғылымды қызықты түрде тануға мүмкіндік алды.

Кеш соңында еркін форматтағы караоке мен гитара сүйемелдеуімен ән айтылып, достық пен шабыты қатар өрілген жылы атмосфера орнады. Қатысушылар өз әсерлерімен бөлісіп, бұл кештің әрі қызықты, әрі пайдалы болғанын атап өтті. Көпшілік осындай мазмұнды әрі шабыт сыйлайтын танымдық жобалардың алдағы уақытта да жалғасын табуына ниет білдірді.

Scroll to Top