Облыстық планетарийдегі Наурыз мейрамы

18 наурызда Облыстық планетарийде көктемнің жарқын мерекесі Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы қарсаңында «Еліме шуақ сыйлаған әз Наурыз» мерекелік дәріс-қойылымы өткізілді.

Мерекелік дәріс-қойылымның мақсаты – Наурыз мейрамының тарихи және мәдени маңызын түсіндіру, ұлттық дәстүрлерді жаңғырту және жастарды бірлік пен татулыққа тәрбиелеу.

Шараға құрметті қонақтар: Ақтөбе облыстық мәдениет, архивер және құжаттама басқармасының бас маманы М.Өтекешова, «Мәдениет саласының үздігі», Жазушылар одағының мүшесі, ақын, сазгер, журналист Г.Аймаханова, Қ. Жұбанов ат. АӨУ-нің құрметті профессоры, планетарий ардагері С.Өтениязов, планетарий ардагерлері және Қ. Жұбанов ат. АӨУ-нің студенттері қатысты.

Дәріс-қойылым – Әз Наурыз мейрамының ұлттық дүние танымымызбен, оның ішінде ежелден қалыптасқан қазақ халқының астрономиялық түсініктерімен, салт-дәстүрімен тығыз байланысын бейнелеп-баяндайтын «Темірқазық», «Наурыз» және «Шаңырақ» деп аталатын үш ауылдағы мерекелік көріністермен ерекшеленді.

Көрермендер Темірқазық ауылында қазақтың жұлдызды аспаны мен астрономиялық тұрғыдағы күн мен түннің теңелуіне куә болса, Наурыз ауылына Қыдыр ата келіп, батасын берді және алғашқы қадам басуға талпынып жүрген сәбидің тұсауы кесілді. Сонымен қатар, ұлттық ойындар көрініс тапты. Келесі, Шаңырақ ауылында қонақтарымызға   мерекелік  дастарханда наурыз көже ұсынылып, барлық қатысушылар ұлттық тағамдардан дәм татты.

Scroll to Top