Айдың толық тұтылуы

2025 жылғы  7 қыркүйекте  Ақтөбе облыстық планетарийі қала тұрғындары мен қонақтарына  ерекше астрономиялық  құбылыс — Айдың толық тұтылуын телескоппен  бақылау ұйымдастырды.

Ай тұтылуы тек толық Ай ширегінде болады. Бұл кезде Жер Күн мен Айдың арасына бір сызықтың бойында орналасып, Ай Жердің көлеңкесіне толықтай енеді. Бұл кезде Айға Күн сәулесі тікелей түспейді, тек Жер атмосферасы арқылы сынған қызыл-қоңыр түсті жарық қана жетеді.  Сондықтан Ай толық тұтылу кезінде қызғылт-қоңыр түске енеді. Бұл құбылыс — Айдың толық тұтылуы деп аталады. Егер Ай көлеңкеге тек жартылай енсе, бұл — жартылай тұтылу болып  саналады.

Бұл таңғажайып астрономиялық құбылысты Ай көкжиектен көтерілген сәттен бастап жердің кез-келген нүктесінен тамашалауға болады. Биылғы тұтылуды Антарктидадан бастап Азия, Ресей, Африка, Мұхит аралдары мен Еуропа аймақтарынан да көруге мүмкіндік болды.

Ақтөбе қаласы бойынша Ай жергілікті уақыт бойынша 19:37-де көкжиектен көтерілді. Толық тұтылу фазасы 21:31-де басталып, 01:55-ке дейін жалғасты. Ал ең жоғарғы тұтылу сәті 23:53-те орын алды.

Бақылау алаңына арнайы телескоптар қойылып, 21:30-дан түн жарымына дейін  келушілерге Айдың ғажайып көрінісін тамашалауға мүмкіндік берілді. Айдың толық тұтылуын  бақылауға 300-ден астам адам қатысты. Келушілер жылы лебіздерін білдіріп, ерекше әсермен тарады.

Ай тұтылуын тамашалау – тек әсем көріністі бақылау ғана емес, сонымен қатар ғылыми білім алуға да мүмкіндік болды. Қ Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің аға оқытушысы, физика-астрономия ғылымдарының докторы Қаламбай  Мұқағали Тоқтарбайұлының танымдық дәрісін тыңдап, астрономия ғылымына қатысты мол мағлұмат алды.

Айдың толық тұтылуы — ғажайып түнгі көрініс! Осындай астрономиялық  құбылысты көру —  келушілерге шексіз ғарышпен байланысқандай әсер қалдырды.

Scroll to Top