Планетарий ғарышкерлік апталығын бастады
6 сәуір күні №83 жалпы білім беретін орта мектепте «Қазақстандық ғарышкерлердің жұлдызды жолы» ғарышкерлік апталығының ашылу салтанаты өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру, елге деген мақтаныш сезімін арттыру, ғарыш тарихын таныту, қазақстандық ғарышкерлердің ерлігін дәріптеу және оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын ояту.
Ашылу салтанаты «Жас сақшылар» класының орындауындағы «Қазақстан Отаным» әнімен басталып, мерекелік көңіл-күйде өтті. Ресми бөлімде жүргізуші адамзаттың ғарышты игеру тарихына тоқталып, Қазақстанның ғарыш саласындағы жетістіктері туралы мазмұнды ақпарат ұсынды. Әсіресе, қазақ ғарышкерлері Т. Әубәкіров, Т. Мұсабаев, А. Айымбетов және жерлесіміз В. Пацаевтың ел тарихындағы орны ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, Байқоңыр ғарыш айлағының маңызы, «KazSat» және «KazEOSat» жобалары, сондай-ақ болашақта ұшырылуы жоспарланған «Сұңқар» зымыран кешені туралы айтылды.
Іс-шара барысында Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Н. Демешова, №83 келешек мектебінің директоры М. Жантурина, Т.Ж. Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты бастығының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары, полковник М. Уаис, сондай-ақ Виктор Пацаев атындағы жас ұшқыштар мектебі директорының орынбасары М. Нурмухамедов құттықтау сөз сөйлеп, жас ұрпаққа ізгі тілектерін білдірді.
Сонымен қатар, концерттік бағдарламалар ұсынылып, тақырыптық бейнеролик көрсетілді. Жас ғарышкерлер тобының тұсаукесері өтіп, мектепте ашылған ғарыш бұрышы таныстырылды. Ерекше маңызға ие сәттердің бірі – мектеп, Облыстық планетарий және Т.Ж. Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты арасында үшжақты меморандумға қол қою рәсімі болды.
Шарада Ақтөбе өңірінің ғарыш саласындағы орны да кеңінен насихатталды. Виктор Пацаев пен Юрий Лончаковтың өмір жолдары үлгі ретінде көрсетіліп, олардың жетістіктері жас ұрпаққа өнеге ретінде ұсынылды.
Апталықтың ашылуы қалалық техникалық шығармашылық орталығының жас өнертапқыштары зымыран модельдерін ұшырумен аяқталды.
Апталық аясындағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

