Планетарийдегі «COSMO QUIZ»
28 қараша күні планетарийде «COSMO QUIZ» ғарыш тақырыбындағы танымдық викторина өткізілді. Шараны Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Физика-математика факультеті, Физика кафедрасының 4 курс студент-практиканттарының ұйымдастырды.
Шараға Б. Момышұлы атындағы №62 жалпы білім беретін орта мектептің 7–8 сынып оқушылары мен ұстаздары қатысты.
Викторинаның негізгі мақсаты – оқушылардың астрономияға деген қызығушылығын арттыру, ғарыш туралы білімдерін тереңдету, танымдық және зияткерлік қабілеттерін дамыту болды. Шара барысында қатысушылар жұлдыздар, планеталар, галактикалар және ғарыш кеңістігі туралы білімдерін шыңдап, белсенділік танытты.
Сайыс бірнеше кезең бойынша өтті. Алғашқы кезеңде оқушылар жеңіл сұрақтарға жауап беру арқылы «Жұлдыздар», «Ғаламшарлар» және «Астрономдар» үш топқа бөлінді. Екінші кезеңде қоңырау арқылы жылдам әрі нақты жауап беру тапсырмалары орындалды. Үшінші кезеңде ғарыш тақырыбындағы жұмбақтар шешіліп, оқушылардың тапқырлығы сынға түсті. Төртінші, қорытынды кезеңде тест тапсырмалары арқылы қатысушылардың білімдері бекітілді. Сайыс қорытындысы бойынша I орынды «Ғаламшарлар» тобы, II орынды «Астрономдар» тобы, III орынды «Жұлдыздар» тобы иеленді. Жеңімпаздар мен қатысушылар арнайы марапаттамалармен марапатталды.
Аталған шара оқушылардың ғылымға, соның ішінде астрономия саласына деген қызығушылығын арттырып, танымдық әрі мазмұнды шара ретінде жоғары деңгейде өтті.



