Планетарийде Отбасы күні аталып өтті

11 қыркүйек күні планетарийде Отбасы күніне орай «Отбасы – махаббат пен бірліктің ғаламшары» атты ашық есік күні ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністік пен жылы қарым-қатынасты қалыптастыру, сондай-ақ бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру.
Бұл күні ересектер мен балалар бірге ғажайып Ғалам әлеміне саяхат жасап, «Майя. Наблюдатели Вселенной», «Ай Күнге қалай қонаққа барды», «Галактика және оның тұрғындары», «Бізді қоршаған әлем» атты ғылыми-танымдық бағдарламаларды тамашалады. Келушілер күзгі жұлдызды аспанмен танысып, ғарыш әлемінің таңғажайып құпиялары туралы көптеген жаңа әрі қызықты мәліметтер алды.
Балалар үшін көңілді квесттер, танымдық ойындар мен түрлі қызықты тапсырмалар ұйымдастырылды. Олар белсенділіктерін танытып, тапқырлықтарын сынап, жаңа білімді ойын арқылы меңгерді.
Сонымен қатар, мектеп оқушыларына арналған «Үркер» астрономия үйірмесінің жұмысымен таныстыру өткізілді. Қатысушылар үйірменің негізгі бағыттары мен мүмкіндіктері туралы ақпарат алып, астрономия ғылымына деген қызығушылықтарын арттырды.
Келушілер назарына «Жұлдызды академия» атты кітап көрмесі де ұсынылды. Көрмеден ғарыш, астрономия және Ғаламның тылсым сырларына арналған қызықты кітаптар орын алды.
Мерекелік шараға қала тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ №2 мектеп-гимназиясы мен №11 мектеп-гимназиясының оқушылары қатысты.
Іс-шараға жалпы саны 150-ге жуық адам қатысты.
Отбасы – әр адамның жүрегіне жылу сыйлайтын, махаббат пен мейірімге толы шағын ғалам. Ал бірлігіміз бекем болса, бұл ғаламымыздың жұлдызы әрдайым жарық болмақ!

 

Scroll to Top