Планетарийдегі «Наурызнама» онкүндік
Наурыз – жаңару мен жақсылықтың, береке мен бірліктің мейрамы. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Наурызнама» онкүндігі аясында Ақтөбе облыстық планетарийінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, салт-дәстүрлерді жаңғыртуға және қоғамда ізгілік пен бірлікті нығайтуға бағытталған мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілді.
Көрісу күні – қазақ халқының ежелден келе жатқан тағылымды дәстүрлерінің бірі. Бұл күн – көктемнің алғашқы белгісі, татулық пен бірліктің, кешірім мен ізгіліктің нышаны.
14 наурыз күні планетарий қызметкерлері ардагерлерге арнайы барып, амандық-саулық тілеп, құрмет көрсетіп, дәстүрге сай көрісу рәсімін өткізді.
15 наурыз – Қайырымдылық күнінде планетарий қызметкерлері көпбалалы отбасыға барып, қолдау көрсетті.
Іс-шара барысында отбасыға қамқорлық көрсетіліп, жылы лебіздер мен ізгі тілектер айтылды. Бұл шара қоғамда қайырымдылық пен жанашырлық құндылықтарын насихаттауға бағытталды.
16 наурыз – Шаңырақ күні аясында планетарий ұжымы әріптесіміз, ғылыми қызметкер Б.А. Шүленбаеваның отбасын 25 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Бақытгүл Айдарбекқызы жолдасы Марат Хамидоллаұлымен бірге тату-тәтті өмір сүріп, бүгінде көпбалалы, өнегелі отбасы ретінде үлгі көрсетіп келеді. Бұл жанұя – берекелі шаңырақ пен сыйластықтың жарқын көрінісі.
17 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні аясында планетарийде «Наурыз – Ұлы даланың жаңғыруы» танымдық-астрономиялық, этномәдени бағдарлама ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында Наурыз мерекесінің тарихы мен астрономиялық ерекшеліктері таныстырылып, «Наурыз бен Ғарыш үндестігі» толық күмбезді көрсетілімі ұсынылды.
Сонымен қатар «шашу» дәстүрі көрсетіліп, мерекелік музыкалық нөмірлер орындалды. Қонақтарға жүн сабау, ұршық иіру, құрақ көрпе тігу сияқты ұлттық қолөнер түрлері таныстырылды.
Қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, іс-шара соңында ақ бата беріліп, қатысушыларға Наурыз көже ұсынылды.
18 наурыз – Ұлттық киім күнінде «Ұлттық киім – ұлт айнасы» тақырыбында мекеме қызметкерлерінің қатысуымен ұлттық киімде арнайы бейнеролик түсіріліп, әлеуметтік желілерде жарияланды.
Бұл шара ұлттық киімнің маңызын дәріптеуге, ұлттық болмысты сақтауға және жастар арасында дәстүрге деген қызығушылықты арттыруға бағытталды.

